15.08.2022
  150


Автор: Бауыржан Үсенов

ҒАШЫҚПЫН

Сенің мынау табиғи нәзіктігің,
Сыршыл жырға мендегі азық, күнім.
Көп қарайсың деп мені кінәлама,
Ғашықпын мен, сондықтан жазықтымын.
Туыстығың перімен бар-ау сенің,
Көркем едің не деген, балауса едің.
Күндер сайын асқынып бара жатыр,
Көкіректегі күйдірген алау-шөлім.
Көзімді алмай тарығам гүл денеден,
Қарлығаштай қастарың сүрмеленген.
Кірпіктері самсаған жанарларың,
Түсіп қалсаң құтқармас түрме дер ем.
Кете алмайды бір көрсе сенен адам,
Жанарың жай атардай белең алам.
Дірілдеген қос алмаң елестейді
Оқжетпестің шыңы боп неге маған.
Сен гүл терсең естілер қырдан шат үн,
Бозбалалар сабылтып жүр қанша атын.
Ерініңді көргенде аңсап кетем,
Бүлдіргеннің уылжып тұрған сәтін.
Ілесуден өзіңе ерінбедім,
Бар шығар-ау градус деміңде мың.
Қолға бір сәт тиер ме, дариға-арман,
Сәмбі талдай солқылдақ керім белің.
Бір көз салсаң әйтеуір, анық қарап,
Көкірегімде жатады жарық тарап.
“Құдайды” да тайдырар тәубесінен,
Бүлкілдеген ақ тамақ, мамық тамақ.
Қаншама рет күдік пен таласты үміт,
Көрсем бе екен цығанға бал аштырып.
Бірақ оның бір ауыз теріс сөзі,
Жібереді-ау есімнен адастырып.
Сенің ғажап табиғи нәзіктігің,
Сыршыл жырға мендегі азық, күнім.
Көп қарайсың деп мені кінәлама,
Ғашықпын мен, сондықтан жазықтымын.





Пікір жазу