15.08.2022
  107


Автор: Бауыржан Үсенов

ТҰТҚЫН ГҮЛДЕР

Саусақтарын жаяды сәулеге гүл,
Жапырағын жұлады әурелеп ұл.
Ғұмыр бойы далаға телмірумен,
Өтіп жатқан қамкөңіл дәурен-өмір.
Терезенің ар жағы қандай жарық,
Туыстары гүлдеп тұр шамдай жанып.
Тар қапаста сорлы гүл ентелейді,
Сыртқа шығып кетердей маңдай жарып.
Сіңіп алған сүрі боп сыйысқанша,
Бөлме ішінде ұйыған иіс қанша?!
Сусар тұмақ,
Құлпырған бұлғын ішік
Жабысып тұр кілемге құйысқанша.
Парақтары жабысқан толы кітап,
Елік мүйіз киімілгіш – әлі бұтақ.
Борсық – еге дүние жия берген,
Ажары ауып кетердей, қоңы жұтап.
Креслосы ұқсайды хан тағына,
Бұйра мысық, нән төбет бар тағы да.
Адам иісін, ит иісін, мысық иісін
Өкпесіне сорлы гүл тартады да.
Жұта-жұта қойыртпақ осы ауаны,
Жапырағы сарғайып, есі ауады.
Оқта-текте иесі су құяды,
Мұрынынан мыңқылдап «нешауаны».
«Гүл өсіру – мәдениет бұл дегенің!» –
Деп күпінді ол маған,
Үндемедім.
Мақтағанша үлде мен бүлделерін,
Баптаса егер жайнар ед гүл дегенің.
Дәлелдеп ем,
Дауысым бос қарлықты.
Мәу демеді желкесін тосқан мықты.
Сорлы гүлдер далаға телміреді,
Тұтқындардай аңсаған бостандықты.
Еңселерін басады қорыс орда,
Таза ауасыз өсімдік толысар ма?
Дүние жинау болмаса,
Гүл өсіру
Жараспайды екен ғой тоғышарға.





Пікір жазу