АУЫЛҒА ХАТ
Арқарлы жақтан қозыға маңырамай ма,
Қасқырлар мұңын шақпай ма ажырап айға?
Кіл қарақұлақ бөлтірік қалыңда ойнап,
Үріккен елік кете ме сағымға бойлап?
Тұрған да шығар түрленіп, тобылғы гүлдеп,
Қиқуын салып қаз-үйрек көңілді дүрмек.
Қошқаратаны думан қып жатыр ма екен?...
Күте бер, апа, қаладан жақында жетем.
Ауады ылғи өзіңе аңсарым менің,
Кекілік шуы оятқан таңсәрілерім.
Балалық шағым күн күлген көзінде мәңгі.
Момын иірім, текше тас, өзіңде қалды!
Жасанды газон, тас үйлер, көкала түтін...
Далаға құмар көңілім бола ма бүтін?!
Ұшуға қанат болмай жүр, жетер ем қалқып,
Туған ауылдың иісі кетер еді аңқып.
Ірімшік пенен сүзбе жеп, қымызға қанып,
Айлы түндерде жүрер ем бір қызға барып.
Мұңымды ақтарып өзіңе жүрген ішімде,
Тазалық іздеп келемін бұл келісімде.
О, қайран ауыл, күте бер қошақаныңды...