15.08.2022
  121


Автор: Бауыржан Үсенов

ОН АЛТЫНЫҢ ӘНІ

Қараторы көрші қыз қиық қасты,
Бозбаламен байқаусыз иықтасты.
Ол «бірдеңе айтам» деп құлағына,
Шөп еткізіп бетінен сүйіп қашты.
Шыға келді бұлттан арайлап ай,
Езу тартты қалың бақ: «Бала-ай, бала-ай....»
Қыз шиедей қызарып бетін басты,
Бала қашып барады қарайламай.
Сол бетімен қалыңға кірді бала,
Биші қайың билеп тұр мың бұрала...
Жапырақтай, жас жүрек, дірілдеме,
Бақытқа мас тана көз, бұлдырама.
Қыз жымиды, сезбеді өзі мұны,
Сыбызғыдай сыңсыды сезім үні.
Махаббаттың шырағын жақты бүгін
Бала қыз бен даланың бозым ұлы.
Жас көңілге май айы дем береді,
Адамзатқа махаббат ең керегі.
Сан ғашықтан сыр тыңдап өскен терек:
«Баянды етсін», – деп желмен тербеледі....
Жарқ-жұрқ етті қос жұлдыз дараланып,
Қызға қарай келеді бала оралып.
Шаңырақтар қатарын сол молайтып,
Таяу жылда бір тойдың болары анық.





Пікір жазу