15.08.2022
  120


Автор: Бауыржан Үсенов

ПАРКТЕ

Аллеяда салады құйын ойнақ,
Қамығады мәжнүнтал күйін ойлап.
Шайқалады қарағай жаңғақ төгіп,
Бұтағында үлпілдек тиін ойнап.
Мөлтілдеген түйме көз, шашақ құлақ,
Ойнақтайды сан қимыл жасап құлап.
Қыстың қамын күйттеген құйттай аңды
Шошытпаңдар, балалар, тас атқылап.
Жел ұйтқып кеп шайқайды қарағайды,
Жапырағы көшені аралайды.
Шатыр жұлар жынды жел
Қол басындай
Құлатуға тиінді жарамайды.
Бір тынбайды сұр тиін жаңғақ тасып,
Қарағайға кеп қонды тарғақ қашып.
Бейбіт жүрген тарғақты қуып салып,
Қарқылдайды топ қарға далбақтасып.
Әткеншектің шиқылдап шығыршығы,
Жел тербетіп аспанға мың ыршыды.
Қу бұтағы көбейген қу сүйектей,
Арса-арса кәрі емен ыңырсыды.
Қарашаның ызғырық – зәрі аралап,
Сары аурудай сүлесоқ тамам алап.
Оңашада қарт отыр ойға шомып,
Күз райын күрсіне қадағалап....





Пікір жазу