meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  15.08.2022
  181


Автор: Бауыржан Үсенов

СӨЗБЕН ТАРТЫЛҒАН ШЕРТПЕ КҮЙ

Қара шанақ, құлақ ас сәлеміме,
Сезімімнің түйін сал пәлегіне.
Сүгір – күйдің сүңгиін әлеміне,
Қаратаудың шертпесі, ал еңіре.
Сабау саусақ, қақпақты тесіп жібер,
Шәрбетіңнен дәм татсын көсіп жігер.
Өміріммен өзектес өзің барда
Менің мәңгі мерейім өсіп жүрер.
Күмбірлеген күй болып арайла, таң,
Үнсіз кетті-ау жын буған талай мақам.
Таусылуға талайы шақ қалса да,
Домбырасын жеткізді қалай да атам.
Тарих деген осы ғой – қара шанақ,
Сондықтан да жүреміз дара санап.
Құлағында қалғиды қарт шежіре,
Дамылдайды пернеде дана сабақ.
Сол арқылы шығарды халық үнін,
Жорықтарда қостады дабыл үнін.
Қорғасын да құйылды көмейіне,
Жеткізем деп қазасын хан ұлының.
Сан ғасырлар оқ пен от – сын шыңдаған,
Тас кесетін күйлері қылшылдаған.
Біреулерге ұнамай бір кездерде,
«Ескіліктің көзі» деп былшылдаған.
Не көрмеді бұл шанақ, не көрмеді,
Көнермеді бірақ та ол өрнегі.
Бар екенін әлемге әйгілеген
Қазақ дейтін халықтың өлермені.
Күмбірледі залдарда самаладай,
«Сарыжайлау», «Сылқылдақ», «Заман»,
«Адай»....
Қасиетті қу шанақ киелі ғой,
Кетірмейік қадірін бағаламай.
Домбыралар көбейді омбай, домбай,
Тартады оны тартқыштар болмай, болмай.
Қарағайдан бір кезде шауып алса,
Қалмай ізі – сол өнер қор болғандай.
Төк, домбыра, сырыңды, төкші налып,
Пернелер мен ішектен от шығарып.
Атып шығып шанақтан бір арғымақ,
Таулар менен далаға кетсін ағып.
Тыңдаушысы болмаса – ән бітеді,
Ұлы өнердің өзегі нәр күтеді.
Бергі тегін аздырып алмайықшы,
Барып қалды музейге арғы тегі.
Дәулескер ел күймен сүт алған сауып,
Ол жүрген жер қашаннан болған сауық.
Мыңқылдаған тақтайдан көңіл қалды,
Өзім жасап алмасам қолдан шауып.
Ою салып сүйектен – сүйінемін,
Ешкі ішегін тұзға сап иіремін.
Құмарымнан шыққанша тартам сосын,
Өйткені сен мәңгі өшпес күйім едің!





Пікір жазу