15.08.2022
105
ЖАПЫРАҚ ЖАЙЛЫ БІР ӨЛЕҢ
Кеше ғана биікте ең,
Бүгін жатсың табанда.
Жапырақ-ау, жағдайың тимеді оңай маған да!
Құлағанды биіктен
Кім сыйлайды бұл күнде?
Қансыраған жүректей жерде жатып бүлкілде.
О, бүлкілде, бүлкілде,
Шірігенше бір тынба.
Ағаш сені неғылсын, қабығы бар сыртында.
Бұтақ сені неғылсын, тамырлар бар нәр берер,
Қыстай қатып,
Көктемгі жылылықпен әлденер.
Жапырақ-ау, жапырақ,
Сары аурудай сарғайған,
Ғұмыр дейтін – мәңгілік таусылмайтын қан майдан.
Құладым деп қамықпа,
Өлдім ғой деп түңілме,
Терегіңнен серейген дің де қалмас түбінде.
Алты ай бойғы армансыз
Ғұмырыңа тәубе де,
Сені таптап жүргендер түсе берсін әуреге...