![](/uploads/shorttexts/author_image/117819408-326321821745812-7850572114969653044-n.jpg)
ЖЕЛКЕНІМДІ ҚАЙТАДАН КӨТЕРЕМІН
Өзіңнен басқа қыз жоқтай қазақта мынау,
Қыл бұрау салып жанымды азаптадың-ау.
Ащы запыран жырымның өзегін тілді,
Жалғыздықты ертіп жабырқап кеземін түнді.
Ұшырап алды қалайша құсын арманым,
Уәде бұзып жалт бердің... түсіне алмадым.
Көзіме менің миуалы тамыз елестеп,
Махаббат деген – мәңгілік,
Аңыз емес деп,
Шаттанған қайран күндерім бұзылды сең боп,
Көкірегімнен бір арман үзілді сен деп.
Арнамның жолын тағдырдың соры бөгеді,
О, ақындардың қай кезде жолы боп еді?!
Дәл бұлай алдап шайтан да шаштан алмайды
Тасқа соғуға жаралған қасқа маңдайды.
Оңдырмай ұрып,
Дал-дұл қып, қанатып алып,
Кешіп барамын қайғының қара тұманын.
Қиналуға ма – бұл өмір неге берілген?
Қирауға ғана жаралған кеме ме едім мен?
О, бірақ мен қирап жатсам да сілкілесемін,
Елемей төмен жандардың күлкілі өсегін.
Жетеді менде қайсарлық, табаға шыдам,
Сынық тақтайға жармасып жағаға шығам.
Жыртық желкенім қайтадан көтеріледі,
Жыр боратқанда аузымнан от өріледі.
Алдамшы сұлу,
Ал сені қылықты әрі
Жүрегі нәзік басқа ару ұмыттырады.