ҚАЗАН
Қыр астынан жомарт қазан қарады,
Сал бұлттар қайда лағып барады?
Дөң басында тегершігі шиқылдап,
Қол бұлғайды жел диірменнің қалағы.
Табын сиыр, жайлап жатқан аңызды,
Су ағызып келген тастар тәрізді.
Алма бағы тастапты ашып жағасын,
Өтеп болып мойнындағы қарызды.
Сап түзеген Қантемірдің маясы –
Төңкерілген семіз аттың жаясы.
Тал-теректі жұлмалаған өкпек жел,
Жапырақтар әдемі ғой... аяшы.
Кетіп жатыр қаз да, үйрек, те, тырна да,
Қалып жатқан мұңы басым жыр ғана.
Тозаң ұшқан тақыр төбе басында
Көкке қарап қалшиып тұр бір бала.
Күзгі дауыл әрі тентек, әрі сал,
Кеудір қаңбақ құйынменен жарысар.
Күншуақта маужырайды жантайып,
Қазан деген – байлығы мол сары шал.
Жаға жайлау, көңіл күйлі, қамба тоқ,
Шығып келер азаматтар аңға көп.
Түнгі аспанға қалқып шығар орай ай,
Береке – ырыс байрағына таңба боп.