ҚЫРҒЫЗДА БІР АЙЫЛ БАР ШЕКЕР ДЕГЕН
Қиялды күйкі тірлік шектемеді,
Кеңес қып қырғыз жаққа беттегелі.
Жөнелдік маңдайға алып Манас шыңын,
Сұр «Волга» қасқа жолды жеп келеді.
Сол шыңға бауыр төсеп жатыр аспан,
Бауырында дамылдайды батыр асқан.
Қырғыздың сазындай боп самал есті,
Самалға омырауды мақұл ашқан.
Көксайдың қатты ағысы жатыр ырлап,
Төккендей саңқ-саңқ етіп ақын ырғақ.
Қол бұлғап жылдамдықпен жарысты да,
Шоқ тоғай қалып кетті ақырындап.
Қойтастар жол бойында үнсіз қалып,
Қарайды оң қапталдан шың сызданып.
Қосылған төсекте бас, төскейде мал,
Тұрады арғы бетте мұңсыз халық.
Шығатын қатты қыссаң май ақ тастан,
Көксайың Жуалыдан таяқ тастам.
Келеді Қуат ағам әңгіме айтып,
Сан рет бұл өңірге аяқ басқан.
Жол бейне бұлғаңдатқан бұрымын қыз,
Шекерге салдық сапар құйрығын біз.
Қасқайып шыңға айналған бұл күндері,
Қаз басқан сол айылда ұлы Қырғыз.
Әлемді шарлап кеткен даңқы биік,
Әр сөзін қағып алған халқым ұйып.
Қай теңеу дәл болады, мәселенки,
Шығыстан шапақ атқан – таң құйылып.
Дүкенге тізгін тарттық Әсел деген,
Әселді қалыңдықтай әсемдеген
Жері үшін, шоң адамның саулығы үшін,
Қырғыз дос, қағыстырам кесеңменен.
Қараймын, қалып кеткен ізі бар ма,
Қырғыз қыз базына айтып сызылар ма?
Шым-шымдап осы айылдан бастау алған,
Даңқты бұзып-жарған ұзын арна.
Қарап тұр Манас шыңы көкке есінеп,
Көңілді топ жігітпен беттесіп ек.
Ағайын айыр қалпақ мақтанады,
Шекерді қырғыздардың Меккесі деп....
Назары аумаса да маған елдің,
Құлындай қоңыраулы саған ердім.
Аға, өзің болмасаң да, айылыңа
Сәлемін Жуалымның ала келдім.
Ұлылық нәзіктіктен емес кенде,
Сағынып Алатауды жел ескенде.
Тағдыры дүниенің толғандырып,
Жүрсің бе симпозиум, кеңестерде?!
Шыңдайды жел-құздарда шыңды сенім,
Тойлансын толағай боп мың мүшелің.
Құйқылжып келе бергін жеке-дара,
Бәйгеге Шығыс қосқан Шыңғыс едің.
Қырғыздың көңіліме жазы қонып,
Қиялдан бір өлеңнің сазын өріп,
Қош, аға, қайтып барам Шекеріңнен,
Меккеге тауап қылған қажы болып.