15.08.2022
  104


Автор: Бауыржан Үсенов

ДОП ДОДА

Доп туласа қақпада мерген атқан,
Команданың ұтқаны – елге мақтан.
Жасыл алаң қым-қуыт, күйіп тұр күн,
Делебесі қозған жұрт терге батқан.
Жүрсе-дағы біреуін бірі бағып,
Әне, допты әкетті жырып алып.
Дауыл күнгі тулаған теңіз құсап.
Дем алады стадион ыңыранып.
Қақпашының алады мерген есін,
Қорғаушылар, байқаңдар, шендемесін.
Трибунада айқайлап ұрандар тұр:
«Қайрат», бүгін кемінде үш гол бересің!»
«Қойса-дағы алдыңа орман егіп,
Қақпашы дос, қақпаңды қорға берік....»
Дегенше-ақ болмады, теңбіл сайтан
Зар еңіреп шырмалды торға келіп.
Жеңеді деп отырған – мұңсыз халді
Жанкүйерлер аһ ұрып, үнсіз қалды.
Алматының аспанын бұлт торлап...
Күреңітіп жауардай күн сызданды.
Ойынының өрнегі табыспады,
Жеңілсе егер – басынан бақ ұшқаны.
Әр кеудеде арылдап түрегелді
Азу білеп күдіктің арыстаны.
Қарақұрым көпшілік сөзден қалып,
Тұнжырайды алаңды көзбен бағып.
Наразылық күшейді, осы кезде
«Қайраттың» да мінезі өзгерді анық.
Көпке дейін бірақ та ала алмады,
Ширыққанмен қимылы алаңдағы.
Қарсыластар добына бір доппенен
Жауап беріп, ойынды тамамдады.
Тоқсан минут алысып тамам батыр,
Ес жия алмай, етпеттеп алаң жатыр.
Риза қылмай кезекті тең ойын бұл,
Жанкүйерлер көңілсіз тарап жатыр.
Үйге жетсем барынша сілтегелі,
Доптай тулап, кеудеме жыр келеді.
Ей, Алатау, Қаратау, Алтай, Арқа,
Туар кезің жетті ғой бір Пелені!





Пікір жазу