ҚОШҚАРАТА
Тоқтатқандай тағдырың шалма салып,
Тартылдың сен – не қайла, қам жасайық?!
Ақбас таудың сүті едің, кең далаға
Омырауынан ағызған арна салып.
Құрып кеттің кенеттен қуардың да,
Батуда өңір боз тұман буалдырға.
Бере-бере нәріңді қуаң қырға,
Күш-қайратың тартылып, суалдың ба?
Жерге сені қалайша ұрлатамын,
Жылым ойдан бір шығып, бір батамын.
Ақ сазандар ойнаған иірімнің
Көлшігіне айналды құрбақаның.
Жарқын жаздың өткен жоқ бір айы әлі,
Ешкі кешіп өтеді қыл аяғы.
Өткел бермес кезіңді әңгіме қып,
Алпыстағы Асан шал мұңаяды.
Анасы едің ардақты бұл өңірдің,
Естілмейді дауысы жүрегінің.
Шыныменен мәңгілік жоғала ма
Бүлкілдеген тамыры бір өмірдің?!
Айдыныңда сызылтар ән өрнегін
Аққулар жоқ....
Арманым, орал менің!
Жағаңа кеп жабырқап жылап тұрмын,
Көз жасымнан төгілген толар ма едің?!