15.08.2022
  69


Автор: Бауыржан Үсенов

ӨГІЗАРАЛ

Бір жер бар Көсегеде – Өгізарал,
Егіз шың көкке атылған – егіз анар.
Ортасы жасыл ойпат, аты қызық,
Дерек жоқ ақиқатқа негіз алар.
Шоламын биігінен айналамды,
Бұл атты атам қазақ қайдан алды?
Қай кезде, қандай адам
Не себеппен
«Өгізге» «арал» қосып пайдаланды?
Ағынын бөгегендей – қорғанменен,
Кеудемде көл сияқты толған-ды өлең.
Бір күні бір жорамал оқыдым мен:
«Қаратау мұхит түбі болған», – деген.
Қаратау мұхит түбі болса егерде,
Қиялым сол дәуірге жол шегер де.
Қаратау мұхит түбі болған шығар,
Мен сенем, бірақ бұған ел сенер ме?
Көп сауалға күпті боп тұрасың да,
Дүдәмал ой ойлайсың расында.
Бір заманда су түбі болған таудың
Жетім жылға жылайды жырасында.
Аты есте қап, келбеті естен шығар
Жазығында ну бұта – өскен шұбар.
Осы аралда от жағып алғашқы адам,
Өгіз аулап, өлмес күн кешкен шығар?
Қашқақтайтын сұрасам көкем менен,
Құпиясына түбі бір жетем дегем.
Көз алдымнан кетпейді жасыл арал
Жабайы өгіз үйірі мекендеген.





Пікір жазу