15.08.2022
144
АСАУҒА ТҰСАУ
Асау ем желмен жарысқан,
Сағымын белдің сүйретіп.
Деміңмен тартып алыстан,
Делбелеп алдың үйретіп.
Сәукеле киген қайыңым,
Ішінде өскен топ талдың!
Алдыңда бардай айыбым,–
Кіріптар пенде боп қалдым.
Әлдилеп өтер ән бе едің,
Қол ұшын берер күрсінсем?
«Қасымда мәңгі қал менің!»-
Демей-ақ, ұстап жүрсің сен.
Жүректен шыққан сөз құрбан.
Жыр құрбан саған мәні асыл.
Өзіңе әкеп кез қылған
Тағдырым неткен жанашыр!
Махаббат деген – тақсыр ән,
Қинадың мені, қинадың.
Тағдырымды да тапсырам,
Жүрегімді де сыйладым.
Мендегі бардың бәрін ал,
Жеңілсем, сенен жеңілем.
Күлкісі, сөзі – дәрі, бал,
Аруым қалсын менімен!