15.08.2022
  155


Автор: Бауыржан Үсенов

АҒА СЕНІ ТҮСІМДЕ КӨРДІМ БҮГІН

Үнсіз тұр мола айқұлақ,
Жасырып дүние кеңдігін.
Сағыныш пенен қайғыны ап,
Басыңа тағы келді інің.
Көзімнен жастың тамғаны-ай,
Езгілеп жанды ауыр үн.
Хал қалай, аға, хал қалай,
Хал сұрап келді бауырың.
Тағы да көктем келді елге,
Таратты құстар қыр әнін.
Кертөбел атпен мен белге,
Тағы да сенсіз шығамын.
Иіліп келіп, бүгілдім,
Сөнердей жарық жанарым.
Әскерге кеткен ініңнің,
Жатсың ба күтіп хабарын.
Лайық ұл ең ғасырға,
Күрсін сен күнде, күрсін-ай.
Жиырма бес-ақ жасында,
Төмпешік болған қыршын-ай.
Соққандай күрзі төбемнен,
Сенделіп жүрмін әлі де.
Бейнеңді жасап өлеңнен,
Атыңды қосып әніме.
Саған сеніп енуші ем төбелеске,
Және де үстем түсуші ем көп егесте...
Енді бүгін тағдырдан таяқ жесем,
Сенің тірі кездерің келеді еске.
Қылығым да, жүк еді сөзім нарға,
Намысымды қорғайтын өзің барда.
Шұрқырасып құлындай табысушы ек,
Сенің жолың алысқа созылғанда.
Ұмыт болып бұл күнде балғын шағым,
Жолда жүріп келемін – алдым сағым.
Жөн сілтейтін кезіңде үзілдің-ау,
Жүрекке сап қайғының жарқыншағын.
Қайнап жатқан көзі едің аққайнардың,
Нағыз кемел шағыңда ақпай қалдың.
Бозбала боп кеттім де жігіт болып,
Келген кезде әскерден таппай қалдым.
Шат-шадыман жүрсем де күнде мейлі,
Қолтығымнан мені енді кім демейді.
Келген сайын басыңа сырласуға,
Төмпешігің мұңайып үндемейді.
Сенің туған күніңе сый ап келіп,
Көңіл жылап, болады ми ақ көбік.
Бұрын атымды атайтын Біржан, Байжан,
Аға дейді бұл күні мият көріп.
Өзің жоқсың, ұмыт боп еркелігім,
Аға болды осылай тентек інің.
Мұңаяды әкей де, арбасының,
Алғандай-ақ жоғалтып белтемірін.





Пікір жазу