15.08.2022
  104


Автор: Бауыржан Үсенов

ЖЕКПЕ-ЖЕК

Боз далада шұрқырап құлан-шабыт,
Түн қатып жүр кірпігін қырау шалып.
Құлан – шабыт үнінен қарғып тұрам,
Тәтті ұйқымнан алғандай жылан шағып.
Диірмен-ойды миымда айналдырам,
Бұлағымды мұхитқа қайдан бұрам.
Шақырады мені ылғи шалғайларға,
Кірпігіне мұз қатқан қайран құлан.
Дей алмаймын жырау боп тіл безедім,
Құлан мініп қиқулап қыр кеземін.
Оқырманым, өзіңмен жыр-майданда,
Келді-ау деймін шайқасар бір кезегім.
Жүйрік бұлттың сауырын жасын тіліп,
Шыңғырды бір дауыс сап жарты аспанға.
Бұйығы көл қарайды қасын түріп,
Айналасын қоршаған жартастарға.
Қаңбақ қашты зымырап, пана іздеген,
Албастыдай көрді ме, бүлік көкті.
Тентек құйын байғұстан қара үзбеген,
Сойып, сойып бұтаға іліп кетті.
Тобылғыны төпелеп жынды дауыл,
Шашын жұлып, бастарын жерге ұрады.
Қою шаңның астында сырғыды ауыл,
Керегесін қазыққа ел бұрады.
Дауыл түрген етегін азынап кеп,
Толқындарды қағып ап тастар құшты.
Үйге енем деп түйені жазылап кеп,
Жүрген шалдың бөрігі аспанға ұшты.
Қамшысына жасынның келген шыдап,
Қасарысып,
Дегендей – ерге сын бұл.
Бауырынан бұлттардың тер тамшылап,
Дарияға айналды көл-көсір бір.





Пікір жазу