ДАУЫЛ
Жүрген жері әрі айқай, әрі сүрең,
Ілесе алмас арғымақ шабысымен.
Диюларға мініп ап азынаған,
Дауыл жетті сәске ауа салысымен.
Пәтшағарың не деген батыл, әлді,
Сүйеп қойған сындырды сатыларды.
Шатырлары сықырлап үй біткеннің,
Жербауырлап, тырмысып жатып алды.
Морт кетердей теректер зорланады,
Топырағың топалаң қар бораны.
Көктей төккен алмасын жоқтады ма,
Қоя берді еңіреп алма бағы.
Бәлкім есер, бұл дауыл бәлкім жынды,
Кір ілетін кендірді тартып, жұлды.
Ақ жаймалар жаюлы ақ құстардай,
Аспанында ауылдың қалқып жүрді.
Бір терезе быт-шыт боп саудырады,
Тентек жиен қайтпаған аулына әлі,
Стаканын сауытқа соғып қойып,
“Түйе жығар дауыл” деп даурығады.
Тынды ақыры, көрігін бітеді де,
Алба-жұлба бақ тағы күтеді не.
Әрең ұшып баратқан аспандағы
Ақша бұлттың ақ төсі түте-түте.