15.08.2022
  117


Автор: Бауыржан Үсенов

«САЯ ҚЫП АСТАНАНЫҢ БАРҚЫТ ТҮНІН»

Сая қып Астананың барқыт түнін,
Сен мені құшағыңда балқыт, күнім.
От көрген көбелектей келе берсем,
Ол сенің бар сұлудан артықтығың.
Саған деген өлшеусіз сенімменен,
Тыныстасын дірілдеп менің денем.
Күні бойы жыр буып салқындаған,
Жүрегімді жылытшы деміңменен.
Адамдардан бақытты – қайғы қашқан,
Құшақтасып сертіміз айнымастан.
Тербесін сыбдырлаған мына бақты,
Біздің болашағымыз жайлы дастан.
Жаным менің, біздегі жан – егіз, ұқ,
Сыр айтады жапырақ әдемі, үзік.
Қандырмады шөлімді ішкен сусын,
Сусындатшы тіліңнен бал емізіп.
Мейіріммен иіліп қанат-қасың,
Саусақтарым шашыңды тарақтасын...
“Қайтайық” деп айтпашы, осы бақтан,
Қол ұстасып шығайық таң атқасын.





Пікір жазу