15.08.2022
  122


Автор: Бауыржан Үсенов

МАҢДАЙЫМА ЖАЗЫЛҒАН МӘҢГІЛІГІМ

Ашамын да кеудемнен ең тереңді,
Жан жырымды жасырмай шертем енді.
Ақкөз жырды төгетін бозбала ақын,
Махаббаттың аулына ерте келді.
Мөлдір шыққа етегін майса малып,
Көктем жырлап жатқанда сай-сала ағып.
Түсу деген бұл маған әдет болды,
Өңді қыздың соңынан май шам алып.
Қызды ауылға қырындап кертөбелім,
Қайтып жүрді төгілтіп тер төлемі.
Шырпы сынды махаббат көп кездесті,
Бірақ бірі алау боп өртемеді.
Қанша қыздың есімін тарс ұмыттым,
Дірілдеттім білтесін қанша үміттің.
Алматыға ауыстым бір күндері,
Орманы да ұлғайды “аңшылықтың”.
Сұлулардан аясын кім өнерді,
Ән мен жырым асқақтап түрегелді.
Есер көңіл түсірер тәубесіне,
Бір адамға жолықпай жүре берді.
Қанша сурет ауылдан ала шыққан,
Жыртылды да кетті ұшып қарашықтан.
“Біраз жерге дақпыртым тарағанда”
Бір күн саған жолықтым қалашықтан.
Жаралыпсың ерекше өзің де бек,
Тазалықтан береді көзің дерек.
Ойда жүрсін дедім де, ойланбастан,
Қойып қойдым кезекке кезінде деп.
Ех, жігіттер, салғанмен біз батыл ән,
Орнайды екен өр кеуде құзға тұман.
Барғанымда бір күні о, сұмдық-ай,
Алғаш рет бет қайтты қыз затынан.
Ойлады ма ап келді “серіні” не,
Әлде сылдыр сезімнен жеріді ме.
Оты шықты бетімнің емінгенде,
Үлбіреген балауса ерініне.
Басқа шауып тамырдың ыршып қаны,
Менмендіктің кеудемде тұншықты әні.
Сондай сұлу, соншама нәзік өңі,
Содан кейін ойымнан бір шықпады.
Қайта соқтым түк шықпай бас қатты мың,
Көкжиегін кеткендей тастап күнім.
Мойыл жанар момақан Сырдың қызы,
Мойындатты бас имес асқақтығын.
Мәнсіз жүріс мәнерін іріктім де,
Жырға қостым есімін тұрып түнде.
Сол кездерде Тәңірі-ай, аяулымның,
Мені сынап жүргенін біліппін бе...
Сен кездесіп тыйылды сан бүлігім,
Махаббат деп саламын әнді бүгін.
Төрткүл әлем ішінен табылдың-ау,
Маңдайыма жазылған мәңгілігім,
Маңдайыма жазылған мәңгілігім





Пікір жазу