15.08.2022
  115


Автор: Бауыржан Үсенов

МЕНІҢ ДОСТАРЫМ

Шаттығы көп бозбала жұмбақ шығар,
Арманы асқақ, алайда шыңға ап шығар.
Жолдастары жыр қуған “кіл бақсылар”,
Кім біледі олар да жұмбақ шығар.
Көңіліміз порт, жыр деген кеме тұрар,
Сапар шекпей сол кеме неге тұрар.
Білмейсіңдер, біз деген капитанбыз,
Тоғыз балда былқ етпей тек отырар.
Біреу бізге күдіксіз сеніп те өтер,
Шаруасы жоқ біреудің келіп кетер.
Біздің көздер – сәулесі рентгеннің,
Көкірегіңе зымырап еніп кетер.
Не екенін өлеңнің түсіндіріп,
Жыр оқимыз тасты да мүсін қылып.
Мінезіміз бірде қыс, бірде көктем,
Түсінбейсің кей кезде мысың құрып.
Біздер солай жұмбақпыз шешімі жоқ,
Әзірге айтар өмірдің кесімі жоқ.
Кроссвордтан шығамыз бір жылдары
Бір-бір ұлы ақынның есімі боп.





Пікір жазу