15.08.2022
  95


Автор: Бауыржан Үсенов

ОБАЛЫМ ТАҒДЫРҒА, ҚЫЗҒА ЕМЕС

Қалайша ұмытам сол кешті,
Сол кешке жанымның обалы.
Жүрегім өртеніп зорға өшті
Күйігі жазылған жоқ әлі.
Есіме түссе-ақ қиналам,
Елесін тартып ап қырымнан.
Арманды көріп пе ең қираған
Кемедей жартасқа ұрынған.
Ендеше мен кеме болғанмын,
Болсам да дос білер сыйлы адам.
Тойында армандай сол жанның,
Ән салып отырып қирағам.
Күңіреніп домбыра шанағы
Қосыла егіліп жатты өңір.
Алаулап отырған жамалы,
Арман қыз жылаған сәтте бір.
Түнеріп отырды күйеуі,
Өйткені ата салт жол бұздым.
Түсінсем мен едім сүйеуі,
Жабырқап отырған сол қыздың.
“Лапылдап өртенді арманым,
Желді күн ұшқаннан желіккен.
Неліктен менікі болмадың,
Неліктен, аяулым, неліктен...
Бұлбұл боп қонбаған бағыма,
Қинаған айықпас дертімен.
Егер де жолықсаң тағы да
Махаббат, мен сені өлтірем.
Қайтейін, аяулым, енді мен,
Айта алман, жылай бер, басқа өлең,
Мен үшін жазира кеңдік ең,
Мен үшін кіршіксіз аспан ең ”.
Домбыра осылай деп еді,
Ол отыр ағарып желегі.
Жат жанның қойнына енеді,
Қалайша жүрегім сенеді.
“Дейтін ең әніңе зәрумін”,
Сол әнді неліктен өшірдің.
Боталап жанары арудың,
Дегендей, “дариға-а-ай жесірмін!”
Қыз едің аты сай затына
Ұмытпа қызығын сол шақтың...
Той бітті, мен қондым атыма
Тұрғанда маңдайды қоршап түн.
Тартсам да ызамен төтелеп,
Артыма бұрылғам, жат аула.
Желөкпе қатындар жетелеп,
Кіргізіп барады отауға.
Кертөбел қамшыны жеудей-ақ,
Жеген-ді сол түні барлығып.
Қалмастан ми аяп, кеуде аяп,
Ән салғам дауысым қарлығып.
Көрерміз өмірде адасып,
Алдымда күтеді жүз белес.
Бұл күнде айтамын ап-ашық
Обалым тағдырға, қызға емес.
Қалайша ұмытам сол кешті,
Тағдырға жанымның обалы.
Жүрегім өртеніп зорға өшті,
Күйігі жазылған жоқ әлі.





Пікір жазу