ЭВЕРЕСТ
Құпиясын ашпайтын тылсым ба едің,
Жетпей қойды-ау өзіңе күрсінгенім.
Селт етпейсің арнаған жырларыма,
Бүйтіп ақын болғаным құрсын менің.
Жалықтым-ау өмірде көрмегенге
Не жұбату айтарын шерлі өлеңге,
Дүйім жұрты аузына қарататын,
Қызыл тілім күрмелді сен дегенде.
Серуендеген махаббат өрісінде,
Адамсың ба кімсің сен, перісің бе?
Байлап алдың, қияли боп барамын,
Бәрібір боп оңың не, терісің не?
Қамығумен көп күнім сырғып өтіп,
Қойды жансыз бейнеңе ділгір етіп.
Есіміңді өзіңнің жаттап алған
Түнде айтады домбырам күмбір етіп.
Жүрегімнің түкпірін мекенде тек
Бұл махаббат қу азап екен бе тек.
Жеті түнде қу шанақ күмбірлейді
Шошып жүрмін жынданып кетем бе деп.
Сірә жанға табылмас басқа дәру
Секілденіп кейде ісім босқа налу.
Серпілемін, қуанып кейде өзіңді
Сүйгендігім үшін де, асқақ ару.
Көз талатын бойымда шашам барда
Жылжу керек сондықтан маған да алға.
Білесің бе ең биік әлем шыңы –
Эверест те бағынған адамдарға.
Сыр ұқ жаным, осындай мына менен,
Биігіңде қалқиды мұнар өлең.
Мен де өзіңді қалайда бағындырам,
Я болмаса құзыңнан құлап өлем.