ҚОШ БОЛ, АҒА!
Сыздап кетті жүрегім сені көріп,
Кездескенше кетпедің неғып өліп.
Маңдайымнан сүймедің еміреніп
Тулақ болған тұлпардай тұрсың әзер,
Алғанбысың тағдырға тегі көніп,
Сөйлемедің екпіндеп тебіреніп.
Қарап тұрып жүрегім салқындасын
Тек сыртыңмен баяғы қалпыңдасың.
Сағыныштың өлігін қан-қан қылып,
Аяныштың тазысы арпылдасын.
Неменеге салбырап кеткен, көке,
Борға малып алғандай алтын басың.
Ұзақ үнсіз отырып “сындым” дедің,
Тым аз болды-ау еңбегім, үлгергенім.
Бұдан бес жыл бұрынғы өзіңді ойлап
Жылап жібере жаздап... білдірмедім.
Жемістері қан қызыл баданадай,
Тақыр бопты тапталып бүлдіргенің.
Ғашық қыздай алғызған күннің демін,
Домбыра боп бір кезде күмбірледім.
Айқай дүние-ай өнердің перісі едің,
Той-думанда алатын гүлдің денін.
Құрағанша өзімді жағдай сұрап,
Бірдеңе деп бір жұтым міңгірледің.
Мен түсіндім жайыңды,
Зәһар құйдым,
Күйігі үшін құрдымға батар күйдің.