15.08.2022
90
ШӨЛ
Орындалмай көңілдің көп тілегі,
Көкіректі ұстара боп тіледі.
Жыр аптабы татырмай тамшы жаңбыр,
Соңғы кезде тым өртеп кетті мені.
Көз алдымда көлбеңдеп күллі сағым,
Көңіл қара, шырқалмай үрдіс әнім.
Жүрек құрғыр жетімдей жаутаңдайды,
Аңсай келген анадай жыр құшағын.
Қайда кеткен дауылдар ала құйын,
Басқа сыймай барады сана, миым.
Кең-ақ еді, тар болып барады үйім,
Келмей қойды сәттер бір ала құйын.
Қиналсам да жаза алмай жыр мандытып,
Бар сықылды керемет тұрған күтіп.
Өмір-бұлақ кәусарын ішу үшін,
Жасап жүрмін жұмырлап жырдан түтік.
Деп сұрама шөліңнің беті қалай,
Сәулесі ойнап бұлақта секіреді ай.
Айы жүзген бұлақтан қанша ішсем де,
Сірә, менің қануым екіталай.