15.08.2022
  91


Автор: Бауыржан Үсенов

НАУРЫЗ

1
Ағыта алмай булыққан көптен шерін,
Бұлттарды-ай бусанып төккен селін.
Қар астынан қылтиған бәйшешек боп,
Иісіңді сағындым, көктем, сенің.
Жерді келіп құтқарған мұз, ақ қардан,
Мен өзіңе сырымды жүз ақтарғам.
Азан-қазан даусыңнан айналайын,
Хабаршысы көктемнің, ұзақ, қарғам.
Пысынаймын мұрынның ұшы терлеп,
Күн мен түннің тұр қазір күші тең боп.
“Құсқанаты” қорқытпа бәйшешекті,
Қалың жауып қарыммен үсітем деп.
Көктем әлі өзенді ағыс қылар,
Құстар келер қанаты ғарыш құмар.
“Құсқанаты” қорқытпа бәйшешекті,
Алтынкүрек көкеңмен таныстырар.
Қолдан қуат кеткен соң, бойдан қаһар,
Тау басына шығып ап, ойланба қар.
Еркін жатып қыс бойы көсіліп ең,
Енді сенің орныңда қойлар жатар.
Көк шықпай-ақ келіп тұр балақ түргім,
Мұзын ойып ауланың сауап қылдым.
Қора маңын айналып ойнақ салған,
Қозы, лаққа қызыға қарап тұрдым.
2
О, жыл құсы көкем-ау, келдің бе сен,
Шүпілдеген көл әне, мөлдір кесең.
Сен келмесең далаға, өзімді-өзім,
Көктем келе жатыр деп сендірмес ем.
Күн жымиып себеді қырға нәрін,
Қосты баурай бәйгеге жылғаларын.
Кеткен кезде қатарың мол еді ғой,
Амансың ба қатерден, тырналарым?
Тыраулаған үніңнен діріл емем,
Тынбай ұшып кеттің бе, түніменен.
Сенің көкте самсаған қанатыңа,
Ғашық болған ұланның бірі мен ем.
Өзің құсап ұшудан дәмелімін,
Сенің мұңың сәнді мұң, әдемі мұң.
Жан-жүйемді босатқан дауысыңнан,
Айқайлаған естимін әлем үнін.
Ауа қандай, жер қандай, түлемей көр,
Бақыт берсең көктемім бірегей бер.
Көктен түскен керемет сәлем саған,
Қаз, аққулар, ләйлектер, шүрегейлер.
Шарықтаңдар далада, тауда, құжда,
Айланбаңдар тұтқын боп саудамызға!
Молшылық жыл болады, биыл ғажап,
Ерте келді қарлығаш ауламызға.





Пікір жазу