ШАЯН ЖОЛЫНДАҒЫ ТҮНГІ ҚОРЫМ
Шалғайдағы Шаянға тартып дәм-тұз жолымды,
Жазығы жоқ қасқа жол кесіп өтті қорымды.
Түнге қарай молаға бармайды ешкім білем мен,
Қорым бізді қарсы алды қабақпенен түнерген.
Астымдағы ат бір түрлі ішін тартып, күрсінді,
Жапалақтың айқайы жарып өтті тылсымды.
Аспанда ай,
Ал жерде ай таңбалы молалар,
Желбірейді жыңғылда қызыл, жасыл орамал.
Діншіл қарттар келгенде байлап кеткен ырым қып,
Көрінбейтін бір үрей кигізердей мұрындық.
Қоршалмаған жас қабір көзді тарта береді,
Айтшы маған табиғат, адам неге өледі.
Сүт сәуленің астында томпияды сыр ашпай,
Тербетеді жер бесік ұзыны екі құлаштай.
Кәрі ме екен, жас па екен, өлгені анық бір адам,
Қалың байғұз сұңқылдап жоқтау айтып жылаған.
Ай таңбалы қаңылтыр шағылысып айменен
Қағып жатыр шеңгелдер қоңырауын жайменен.
Аспандағы ай мен білсем, жердегі айды тұр аяп,
Қасымдағы ақсақал аңыратты бір аят.
Қалың мола бір сәтке күңіренген секілді,
Осы адамның барлығы бүгін өлген секілді.
Ерте ме әлде кеш пе екен, бір баратын жер осы,
Күтіп жатыр үндемей құрбандығын келесі.
Шынымды айтсам
Иманым қасым болды ағайын,
Қорқыныш пен үрейге басым болды маңайым.
Жыр жаздым да сол түні өзімді әбден әурелеп
Нүкте қойдым,
“Тірі боп жүргеніме тәубе” деп.