15.08.2022
  101


Автор: Бауыржан Үсенов

ТАҒДЫР

Тағдыр – патша,
Ал, адам соның құлы.
Дәлелдеумен келеді өмір мұны.
Түйсігі жоқ топасқа билік беріп,
Торғайдайын тоздырған толымдыны.
Тағдыр – дария,
Ал, адам майда балық,
Майда балық жатпайды қайда қалып.
Әлімжеттік жасайды ебін тауып,
Әлдірегі әлсізін пайдаланып.
Тағдыр – дауыл,
Ал, адам қаңбақ қана,
Қауқары жоқ қаңбақты салмақтама.
Өксіп – өксіп жел соғып, құйын тұрса,
Тығылатын пана іздеп далбақтаған.
Маңдайыңа көресің жазылғанын,
Және естисің көріңнің қазылғанын.
Жаймашуақ күніңді қуырдақ қып,
Жібереді өзгертіп қазір бәрін.
Тағдыр – патша,
Бір құлың, жырлап сені,
Өр бейнеңді өнеге қылмақшы еді.
Көкірегіне жегі қып өзің салған
Тарқамай жүр бірақта жылдап шері.





Пікір жазу