15.08.2022
  90


Автор: Бауыржан Үсенов

ЭЛЕГИЯ

Бұғып жатқан жерінде,
Бытыра тиген қояндай,
Қалар ма екем бір күні тәтті ұйқымнан оянбай.
Бақыт қашып, мен қуып,
Көкірегімді сен буып,
Жүргенімде жер басып – мәстек аттай болдырып.
Құбылаға бір қарап,
Кетер ме екем сырғанап,
Сәби шағым санамда ең соңғы рет іңгәлап.
Уақыт сүйреп барады,
Шылбыр салып мойынға,
“Мұңлық-ай” – деп жырымды айналдырма ойынға.
Шерге толы шарапты,
Сілтеп тастап тірлік қыл,
Бір күн тұрмай қалуың, атқан таңдай шындық бұл.
Құтқармайды табиғи жандылықтың құрығы,
Жұлып түскен сол құрық данышпан мен ұлыны.
Бай – манапты, кедейді,
Мойынды һәм ұрыны,
Біз пендесі тірліктің шыққан жұлым-жұлымы.
Бейнетіңнің өлшемі,
Зейнетіңнің мөлшері,
Жататұғын әлдилеп көрінде тек сол сені.





Пікір жазу