15.08.2022
  57


Автор: Бауыржан Үсенов

КҮЗ КӨҢІЛ ЖЫРЛАРЫ

Таяқ жеген тазыдан бетер ұлып,
Күз менің – көзі жасты қайғым болды.
Қаңқылдап қамысынан көтеріліп,
Үйір қаз ұшты айналып айдын көлді.
Сынып түскен қамыстың үкілері,
Қалтылдайды тереңге батар салдай.
Сұр аспан жерге қарап түкіреді,
Тірлікке ашуланған шақар шалдай.
Саңыраудың жүзіндей дала сары,
Оған енді теңеу бар басқа қандай.
Тәңірі тозығы жеткен алашаны,
Айдалаға апарып тастағандай.
Жапырақ кетті жел қуып ғаламға сіңіп,
Артынан қарап қалдым мен алаңға шығып.
Жапырақ шіркін, жайыңды ойласам неге,
Жаңбыр мүжіген жартастай қалам басылып.
Түкпірін тіліп барасың ғарыштың қандай?
Тіршілік үшін тағдырмен алыстың нардай.
Асығып ұштың, әйтеуір, өмір-бұтақтан,
Жер аманатын Құдайға табыс қылардай.
Қаншама ғасыр аһ ұрып, арман ақтарып,
Жасылдан сарыға айналып, жардан аттадың.
Жер-Ана біздің шегі жоқ Кеңістік кешіп,
Жапырақ құсап бара ма қаңғалақ қағып?...





Пікір жазу