15.08.2022
  77


Автор: Бауыржан Үсенов

САЛТ АТТЫ

Терезені түн бойы қаққылаған,
Маған маза бермей жүр аттылы адам.
Шырт ұйқыдан жатқанда оятады,
Әуселесі осы бір батты маған.
Астындағы кісінеп көк пырағы,
Кешікпейді, түн ауа кеп тұрады.
Бүгін тағы маужырап жатқанымда,
Тасырлап кеп есікті соққылады.
Сонша алғандай мазамды не істеп ем,
Шапқылаймын қашанғы тегісте мен.
“Тауға шыққым келеді, шыға алмаймын,
Сен жазатын білмеймін кеміс пе өлең
Сенгем едім сенімді ақтар ма деп
Мына түрің күй-қайғы батқанда ерек.
Мені оятып түсінсең жазсаңшы енді,
Өлеңдерді кеудеңді жатқан бөлеп? ”
Деді-дағы атына қамшы басты,
Елес пе деп бір сезім қарсыласты.
Дүбірлетіп ол кетіп бара жатты,
Жұтты менің жастығым тамшы жасты.
Айырмай-ақ қойдың ғой мені елестен,
Итереді кеудемнен жел егескен.
Оятатын Олжасты түнде келіп,
Айтшы маған, Салт атты, сен емес пе ең? ...
Көп жыл болды жырменен, мен егескем
Өлең жаз деп менімен ерегескен
Оятатын Олжасты түнде келіп,
Айтшы маған, Салт атты сен емес пе ең...





Пікір жазу