15.08.2022
  98


Автор: Бауыржан Үсенов

ҚЫРКҮЙЕК

Соңғы кезде әнінен мұң білінген,
сап тиылды сауыққой бұлбұл үннен.
Базарыңның барында сырласып қал,
Аймаласқан жамырап кіл ғашықтар,
Жапырақтар, сендерде бір-біріңмен.
Келе жатыр қырау мұрт сүңгілі шал,
Өлеңіме боласың мұңды мысал.
Сырласып қал елемей,
Салқынды бұл,
Алты ай бойғы армансыз алты ғұмыр,
Көздеріңнен ертең-ақ бір-бір ұшар.
Тірлік осы жалған-ай, жалған деген,
Дірілдейді сарғайып қалған денең,
Жоқтау айтып сыңсысын сендерге арнап,
Шаңын сүрткен бұршақтан желден қорғап
Қоштасып қал қамкөңіл арманменен.
Қорғансызға ең ақыр бала да үстем,
Сақта Тәңір, бұтақты қара күштен.
Жұтамын деп ашылған күз араны,
Жапырақ-желек астында қызарады,
Піскен алма – келіндей жаңа түскен.
Шыр айналып арқанда тұрған әрең,
Шұрқырайды үйірсек қырда дөнен...
Жыр құрасам деп едім қоштасқанда,
Батарының алдында Күн даламен.
Шың басында шүпілдеп тұр тегене,
Соңғы шапақ жануда білтелене.
Батқан күнге мұңайып қарадым мен,
Малдас құрып отырып бір төбеде.
Мен де сұлық, сөйлемей жыр да сұлық,
Қараңғылық келеді қырға асығып.
Жанарымнан үзілген тамшыдайын,
Тағы бір күн жоғалды құмға сіңіп.
Тебіренсем көзімнен көшер мекен,
Бұл далаға мен қашан нөсерлетем.
Бір күн өтті тамшыдай құмға сіңген –
Құм бетіне түп жусан өсер ме екен...





Пікір жазу