15.08.2022
  84


Автор: Бауыржан Үсенов

“ВАРПЕТ”

Екі армян бар еді ол туғанда...
Батыс жағын түріктер табанға сап,
Жасап жатқан кезі еді жаман қасап.
Шығысында ақ патша айдыны асқан,
Құрсаулаған халықты қайғы басқан.
Көрсетпейтін көр тұман Араратты,
Газарапатта іңгәлап бала жатты.
Шағын ауыл суреттей ертектегі,
Іңгәсіне сәбидің селт етпеді.
Ұлы ақынын зарлы жер танымады,
Бір бұлақ кеп өзенге жамырады.
Ол есейді,
Тілінен өлең тамды,
Көзін ілмей қарсы алды нелер таңды.
Білім іздеп, бел буып шетке кетті,
Көрді өмірдің жолында өткелекті.
Оны тағдыр толқынға салды қанша,
Жыр жазудан танбады армянша.
Европа көңілін таба алмады,
Шалғайдағы тауларға алаңдады.
Қосты өлеңге өнерін тоқыраған,
Армянның жастарын оқымаған.
Өз тарихын білмейтін жетесізді,
Кабактардан шықпайтын некесізді.
Қуғындағы ерлерге жыр арнады,
“Талмайды деп Кавказдың қырандары”.
Бостандығын аңсады халықтардың,
Халық дейтін бұғаулы алыптардың.
О, қашанғы шыдайсың сілкін деді,
Өлең болып ыза-кек бүлкілдеді.
Жап-жарық боп таң атты бір күндері,
Заман оған ал сайра, бұлбұл деді.
Табанына қадалған қара шегір,
Варпет үшін басталды жаңаша өмір.
Отанына оралды жырлау үшін,
Өлеңдері шығарды шың дауысын.
Сүйді халық құрметтеп,
О, мәртебе,
Қалды ығыңда күрсінбей нелер төбе.
Түрме, шет, ел, өткен шақ
Ол бір аңыз,
Бел баласы халықтың болды нағыз.
“Шебер” деген ат берді оған елі,
Әні асқақ, өлеңі боран еді.
Әлі күнге құрғамай келеді арна,
Ақын деген өлмейді жер аманда.





Пікір жазу