15.08.2022
  74


Автор: Бауыржан Үсенов

БЕТПАҚДАЛА

Бір жұтым су бал, шырын, шекерге тең...
Осы шығар тамұқтан бетер мекен.
Термометр 60-ты көрсетіп тұр,
Шырпы құсап тұтанып кетер ме екем.
Қылтанақ жоқ жұртындай көшкен елдің,
Кеспірінен шошисың Бескемердің.
Бауырлары күйіп-ақ қалған шығар,
Абжылан мен астау бас ешкіемердің.
Әрбір сәуле сұғылған ай, бір пышақ,
Жүзе жөнелер ме едің қайығыңды сап.
Көкжиекті көлбеген көкшіл сағым,
Толқып жатыр телегей айдын құсап.
Жылаймын ба, білмеймін жырлайын ба,
Көңіл күйім көмілді құмдай мұңға.
Абажадай шатырда көлеңке жоқ,
Көлеңкелер болмайды мұндай құмда.
Тапты ма екен есімін ақын ойлап,
Шыға алмайды шетіне батыр айлап.
Миллиард тонна құмы бар және дағы,
Миллиард тонна мұңы бар тақыр аймақ.
Табиғаттың өзінде негізгі ілік,
Құм мен мұңды жаратқан егіз қылып.
Шақшиған күн астында талықсиды,
Шағылдардың түсіне теңіз кіріп.





Пікір жазу