15.08.2022
  118


Автор: Бауыржан Үсенов

ОМАР ХАЯМНЫҢ ІЗІМЕН

Ойым онға бөлініп,
Санам саққа,
Жарым түнде жармасам қаламсапқа
Дүниені өзімше тербемек боп,
Тербей берсем шығасың сен бөгет боп,
Қарап тұрсам айтқаным Сенің сөзің,
Жасқа толып кетеді менің көзім.
Көкіректе тұншығып арман-әнім,
Соқпағыңнан шыға алмай сандаламын.
Бозбалаға қиянат бұл дегенің,
Омар Хаям,
Мен қайтіп күн көремін.
Сыншыларға ап барсам өлеңімді,
Өре түрегеледі бұл Омар деп,
Әсерімен Омардың құраған деп...
Бетті басып, елсізбен бөлек кетем,
Сонда менің жазбауым керек пе екен?
Әркім естен танады өз әлінше...
Өз әлімше есімнен мен де танам,
Тіреп жүргеннен кейін жерге табан.
Бойларында бүлкілдеп Шығыс қаны,
Бала менен Дананың ұғысқаны.
Ұнамаса біреуге
Ұнамасын,
Ала берме көңіліңе бұла басым.
Күйрей бермей тәубе қыл қолдағыға,
Омар Хаям түсінсе болғаны да...
1
Мен шаршадым таласып тіршілікпен,
Алдыңа сап айдап кет бір шыбықпен.
Сен патшасың аяулым,
Саған құлмын,
Сенсіз өткен әр минут маған құрдым.
Жүйке тозған жұлқыстар ұмыт қалып,
Бой балқытқан сезімге құрықталып,
Құшағыңа өзімді бүтін берем,
Керек десең жұлып ал жүрегімді,
Көкірегіме сыймастан лүпілдеген.
Жанашырым
Жалғызым өзің ғана,
Сен бойжеткен, мен бейне бозым бала.
Шағымызға қайтадан орлайық,
Тіршіліктен тыс қалып тыным бермес,
Мәңгілікке шым батып жоғалайық,...
Мен шаршадым таласып тіршілікпен.
2
Үгітілді бор болып бекем жаным,
Жұмақ сенің құшағың екен жарым...
Тоты құсы сайраған миуа бақ,
Сорғалаған шырыны жемісінен,
Сурет едің не деген, келісім ең.
Періштенің сазбенен салған әні,
Екеуімізге ғана тек арналады.
Қызмет қып диюлар шарап беріп,
Бұраңдайды бишілер қамап келіп.
Зәмзәм шарап күшінен бас айналып,
Жалғызындай Құдайдың масайрадық.
Бақыт бізге жемісін үзіп беріп,
Еркелейді аққулар жүзіп келіп...
Бұдан асқан жұмақтың керегі не
Арқау болған шайырдың өлеңіне...
3
“О дүниеде” – деп жұмақты кім сандалған,
Сұрайыншы сандалған мың, сандардан.
Дүмше алдаған о, қайран ата-бабам,
Жұмақ іздеп жалғаннан қаталаған.
Жалған деген – мәңгі көр, түнек, тылсым,
Жұмақты өліп іздеген жүрек құрсын.
Тосса да өмір алдымнан ақырабын.
Сене қояр мен емес ақымағың.
О, дүниеге асыққан дүмшелерді,
Құшағына қыздардың шақырамын.
4
Сұмнан сұра,
Сопыдан сұра мейлі,
Ішкен, жеген, жүргенің күнә дейді.
Бір-бірінің аузына түкіргендей...
Дүние қалды тірлікте бүтін нендей...
Назар салма жанардың жарқылына,
Көзің сүзбе арудың балтырына.
Ал, арақты аузыңа татып алма,
Қанағат қыл барыңа жатып ал да.
Шалыс бассаң аяқты – ол да күнә,
Су тигізбей өмір сүр қолғабыңа...
5
Құдайшыл бол,
Күнәңді жуып мейлің,
Оңайлықпен өзгермес уыт пейілің.
Періште іздеп ғаламнан сандалмағын,
“Жоқ дегенде” –
Мен оған таңқалмадым.
Маңдайыңа жазылған тағдырың бар,
Бастарыңды тек соған даң қылыңдар.
Мәңгі жасыл тауының аршалары,
Менің халқым былай деп ән салады:
Күшін сарқып іздейтін қайда да құл,
Көктегі бұлт Бақыттан жуық дейді.
Оралыңның барында ойна да күл,
Өлгеннен соң қара жер суық дейді.
Өлгеннен соң ештеңе керек емес,
Жер бетінде қалады ен ерегес.
Жақсы ісіңді арқау қып өлеңіне,
Терең қазып,
Тепкілеп көмеді де,
Кеткеннен соң көзінен ұмытады...
Кім ұтылып бұл жайдан
Кім ұтады.
Күн кешсе де тірлікте саяжайда,
Бәрі түбі барады Анажайға.
“Оралыңның барында ойна да күл”.
Дүниенің ақырын ойлама бұл.
Сопы болып қалайша ғұмыр кешем?
Тіршілікке кетеді түбінде есем.
Таусылғанша қуат-күш, қайран шешем,
Сопың құрсын
Сері боп сайран салам.
“Өлгеннен соң қара жер суық дейді”.
6
Қайқайып жолың жатыр қарсы алдыңда,
“Шетіне шығамын”, – деп жар салдың ба?
Бесіктен басталады жолдың басы
Тірілер Шекарасы көрдің қасы.
Шапқылап тірлік кешіп, расында,
Ажалға асыққан боп шығасың да.
Ажалдан қайда қашып құтыламын,
Қашады соны ойласам құтым, әнім.
Балалық өтіп кетті қарайламай,
Жігіттік шыққан бейне – арайлап ай.
Жарқылдап жиырма бес те барады өтіп,
Отыз тұр қол созымда қараң етіп.
Одан соң одыраңдап қырық келер,
Қызыл шұнақ аяздай қырып келер.
Одан соң елу келер балпаң басып,
Күн кешерміз, шіреніп, талтаңдасып.
Алпыс келер одан соң айқай салып,
Буының мен беліңді жайқай шауып.
Одан кейін жетпісің болады ма?
“Қой соя бер, сұм ажал қонағыңа”.
Хаямша айта алмаспын жайын мұның,
Сонда да пәруайына пайымдының.
Жетсе де өлең жаздым сәл мұңайып,
Жол жатыр арты жан да, алды ғайып.
Сол жолмен жүріп келем бір-бір басып,
О, тірлік неменеге қылдың ғашық?
Түбінде Ажал тұр-ау бір ағаштың,
Келеді кейін қарай тұра қашқым.
7
Сұлу қыздың құшағында тылсым бар,
Неге, адамдар, Ләззатқа құлсыңдар!
Жаюлы етке жете алмаған мысықтай,
Өле жаздап,
Езу жалап тұрсыңдар.
Мұратыңды мияуламай мәлімде,
Жігітің де, жасамысың, кәрің де.
Көкірегіңде ұлып жүрер жақ таппай,
Ұры тазыдай бір Арман бар бәріңде.
Сол бір арман көз алдыңды мұнар ғып
Жылан құсап ысылдайды Құмарлық.
Бақыт тұрмас өз құныңды ойлатпас,
Қыз сүймек боп мың қараға тұрарлық.
Сығырайып былшық басқан жанары,
Қызға қарап күрсінеді шал, әне.
Ақ балтыры жарқылдап,
Алма төсі дірілдеп,
Күлімсіреп ару кетіп барады.
Арманда шал,
Армандай бер, жігітім!
8
Арулардан үзілмесін үмітің.
Мамырлап кеп орнағанда төбеңнен,
Махаббатқа мекен болған Ұлы түн.
Біреуді өртеп,
Ал, біреуді мұз қылған,
Қолдан келсе ару таңда жүз мыңнан.
Қыздар деген тіршіліктің жүрегі,
Күн секілді тұлабойын қыздырған.





Пікір жазу