15.08.2022
  102


Автор: Бауыржан Үсенов

СЕН КІМСІҢ?

Кімсің сен?
Адамсың ба, пендесің бе?
Түсті ме кім екенің енді есіңе.
Тайлақтай тасыраңдап сүтке тойған,
Тағдырдың ұмтыласың бермесіне.
Кімсің сен?
Адамсың ба, Құдайсың ба?
Су болсаң,
Тұнықсың ба, ылайсың ба?
Жылдарға есең кетіп, жетім құсап,
Жұбанып отырасың, жылайсың да.
Кімсің сен?
Адамсың ба, сайтансың ба?
Қарызын уақыт саған қайтарсын ба.
Шыңбысың
асқақтықпен бұлтты ұстаған,
Бұлтпысың арыз-мұңын айтар шыңға.
Кімсің сен?
Адамсың ба, залымсың ба?
Жем қылған ақиқатты қалың сұмға.
Аңғал ел Жазық таппай сандалмай ма,
Айналып кеткеннен соң бәрің Шыңға.
Кімсің сен?
Енді есіңе түсірдің бе?
Шекеңді жарға соғып ісірдің бе?
Халқыңа құйттай пайдаң тимесе егер,
Құсыңды қамадың не, ұшырдың не?
Бәрібір кім екенің түсінікті,
Түсің оңып, қос өкпең қысылыпты.
Жалбаң қағып Адамға ұқсаймын деп,
Жалған сөйлеп, қор қылма кісілікті.
Жауап таппай сан түндер көзімді ілдім,
Сені білдім,
Ал сонда Өзім кіммін?
Бағам арық қойдан да төмен бе екен,
Бағымды ашар бойтұмар өлең бе екен,
Халқым өзі айтар деп Төзім қылдым,
Сен кімсің, ойлан достым,
Өзім кіммін?





Пікір жазу