15.08.2022
  110


Автор: Бауыржан Үсенов

ҚАРАҒАЙДЫҢ ҚАРСЫ БҰТАҒЫ

Дәуір жылжып өтіп жатты жонында бар жарасы,
Қайыңдыда өсіп жатты диханшының баласы.
Әкесі бар шығыр тартып, қара күшпен дән салған,
Анасы бар әндерінде қалықтайтын барша арман.
Мәпеледі қарлығаштай мейірімдерін себелеп,
Бірақ бала бөлек өсті, бөлек өсті не керек.
Ақыл-есі түгел кіріп өспесе де бой да әлі,
Құйттайынан дихан емес, жауынгер боп ойнайды.
Бұл өлкеде қанды соғыс болмағалы қай заман,
Содыр неме кетпен емес, әуес болды найзаға.
Күшік пенен лақ, қозыны көкпар қылып сүйреді,
“Қолбасшы боп” бір ауылдың балаларын биледі.
Ұрып кетті, қырып кетті деген сөздер аттандап,
Қарғыстарын ауыл жұрты сол балаға жатты арнап.
Жігіт болды өзгермеді, аққайыңнан жақ иді,
Бай ұлымен әмпей болды мекендеген ақ үйді.
Ата-ананың санасында күдік иті үрді кеп...
Балалары жатты бір күні нән бұтақты сүргілеп.
Жөн сұрады қайран әке, қалыңдаған наласы,
Насаттанды, “шоқпар жасап жатырмын”, -деп баласы.
“Қолыңдағы қарағайдың қарсы біткен бұтағы,
Қару соғып әуре болма, өз басыңды жұтады”
Деді әкесі, күлді сойқан, сұсты көзі аларып:
“Бүгін түнде жігіттермен барымтаға барамын.
Енді ет іздеп сүйретілме, қияндағы базарға,
Ертең анам қазы менен қарта асады қазанға.
Қауіп етпе, көз қырағы, жүрек түкті, қол да епті... ”
Деп аттанып кеткен еді сол кеткеннен мол кетті.
Сол кеткеннен барған дейді, тиген дейді жылқыға,
Оңай олжа қай кезде де аш көздердің құрты да.
Содыр жігіт қан тілеген, қосқа тиді ықтады,
Ал қостағы бозым жігіт оңай жау боп шықпады.
Айсыз түннің аспанында саңқ-саңқ етіп ұраны,
Алты құлаш бақанменен қайқайтып кеп ұрады.
Біздің ердің әп дегенде қазан басы қанады,
Жолдастары қиқу салып жылқы қуып барады.
Тағы да бір қақтығыста ойнап шықты аты ерден,
Бірақ қосшы жігіт те әлгі, әрең қалды қатерден.
Қарағайдың қарсы біткен бұтағының соққысы,
Қатты тиіп ұзын бақан кетті қолдан көкке ұшып.
Біздің батыр шоқпар білеп аруағын шақырды,
Балуан жігіт барыс сынды жалаң қолмен атылды.
Балуан жігіт балуандығын істеді.
Ақырын кеп атып ұрды, барымташы түспеді.
Даланың қос арыстаны жолығыпты сайына,
Шоқпар қалды жайына.
Бірін-бірі дөңгелетті ертең керек жан үшін,
Бірақ олар қорғамады өздерінің намысын.
Қалжыраған қосшы жігіт әлденеден үмітті,
Кенет артқа жалт бұрылды жібере сап жігітті.
Мақсаты оның айқын еді, шоқпар еді үрейлі,
Сойқан жігіт орынында сілейді.
“Қарағайдың қарсы біткен бұтағы,
Қару соғып әуре болма, өз басыңды жұтады”.
Барма деумен, кемсең қағып қалып қойған жырақта,
Әке даусы талып жетті құлаққа.
Неге ақылды тым кешірек сөйлетесің, Алла, осы,
Қан түкіріп құлап түсті быт-шыт болып кәлләсі!
Бұл тарихты жыр қылғанда мынау еді керегі,
Қару соққан қаныпезер сол қарудан өледі.





Пікір жазу