
АЛҒАШҚЫ МАХАББАТҚА ХАТ
Көңілді астан-кестен еттің сүрең,
Сондықтан да болар-ау көп күрсінем.
О, алғашқы махаббат, қайда кеттің,
Осыншалық, Құдай-ай өткінші ме едің?
Басып келе жатсам да жолды бекем,
Сағынышқа жүрегім болды мекен.
Жауқазынның ғұмыры секілденіп,
Неліктен сен ертерек солдың екен.
От ыстығын сезетін суық қардан,
Балғын шақтан ғажайып туыпты арман.
Сағынамын неліктен балғын қызды,
Жанарымда суреті тұрып қалған.
Кінә артпаймын жоғалтқан күндеріме,
Аңсап жүрмін өзіңді күнде егіле.
Қулық-сұмдық білмейтін бала көңіл,
Әлде сенің қадіріңді білмеді ме.
Лапылдаған болса да сөзімде арын,
Қайта оралшы, айтады көзім бәрін.
Сездірдің сен өмірде бағасы жоқ,
Сүю деген тәтті бір сезім барын.
Шақырасың үнемі бал қылықпен,
Сағынамын кеудемді жандырып мен.
О, алғашқы махаббат мәңгілік пе ең.
О, алғашқы махаббат мәңгілік пе ең...