15.08.2022
132
ТАУ ТІРШІЛІГІ
Үйірлі қасқыр аулақта ұлып,
Шатқалдың іші күркіреді.
Қар барыс қарға аунап тұрып,
Рахаттана сілкінеді.
Қалықтап көкте олжа іздеген,
Жерден көз алмай қыран әлек.
Түлкінің жымы мол жүлдеден,
Ажалды алтайы шыға ма деп.
Арқар тұр таста паң керіліп,
Сақтықпен шолып айналаны.
Қиялай біткен жарға өріліп,
Шыршалар үнсіз ойланды.
Таутеке тастан тасқа атылып,
Дегендей – нағыз сыналар шақ.
Көздері мұңлы жасқа тұнып,
Жылайды шыңда ұлар ән сап.
Мұз қатып қалған ернеуіне,
Естіліп, үңгір күрсінгені.
Таудан тас құлап жерге міне,
Жүрегі таудың дүрсілдеді.