АРМАНДАП ӨТЕР БІР БЕЙНЕ
1
Мөлдіреген мойыл жанар, жаутаңдаған ерке елік,
Жатырсың-ау басқа жанның құшағында өртеніп.
Көрінбейтін бір шекара бөліп тұр ғой араны,
Сені көрсем жан-дүнием бір мұңайып қалады.
Бөгде жанның маңдайында жарқырайсың бақ болып,
Мен ойланам ауыр қайғы жүрегімді қақ бөліп.
Мүмкін емес жанарыңның алауына шарпылмау,
Сені аймалап сол бір жігіт есі кете алқынды-ау...
Сен де аймалап, мойынына оратылды-ау білегің,
“Асылым” деп үн қаттың ба лүпілдеп жас жүрегің.
Сөйлеспей-ақ, кездеспей-ақ сені, жаным, қызғанып,
Сенің күнде терезеңе жүз келемін, жүз барып.
Мүмкін, қазір кешіп жүрсің ең бақытты кезіңді
Мен амалсыз іштен тынам тұншықтырып сезімді.
Соңғы кезде мұңлы әндерді домбырада көп тартам,
Сені кештеу жолықтырған тағдырыма өкпе артам.
2
Ақ түн еді, жұлдызды ақ түн еді,
Самалға елтіп сылдырлап бақ күледі.
Терезенің сыртынан қарап тұрған,
Қайғы аяусыз дүрелеп жатты мені.
Шомылды айнала бозаң нұрға,
Уыз бейнең күледі көз алдымда.
Келіншек ең аяулы, күйеуіңмен
Көшіп келген қаладан жаз алдында.
Махаббатты әніме көп қоспаған,
Бозбала едім, балаң ем шоқ баспаған.
Неге екенін білмеймін сенің көзің,
Бір көргеннен кеудеме от тастаған.
Сені көрсем байқамай сырт, өзге елді,
Содан менің жағдайым күрт өзгерді.
Бірақ сені көргенде күйеуіңмен,
Мені талай қайғының бұлты езген-ді.
Ал сен болсаң, сездің бе, сезбедің бе,
Біле алмадым не сыр бар көздеріңде.
Сені көру күн сайын бақыт еді,
Керексіз ед бақыттың өзге мүлде.
Жүйрік еді, япырай, айлар қандай,
Менің ешкім мұңымды қойды аңғармай.
Шам сөнгенше түбінен кетпеуші едім,
Терезеңнің жанына байланғандай.
Нешеме өтіп, жанынан неше қарап,
Шам сөнген соң кетуші ем көше аралап.
Көше аралап мұңлы әндер салушы едім,
Бар қайғыны жиғандай пешенеме ап.
Бір сезімге ілесіп ақылды, тың,
Бүгін саған кеп тұрмын ақырғы түн.
Менде соғып тұрғандай жарты жүрек,
Сенде соғып сол жүрек жатыр бүтін.
Шымырлатып кернейді бойымды ағын,
Саған деген кінәм жоқ ойымда дым.
Мен бүгін қате басқан қадамымды,
Сездім де, амалсыздан мойындадым.
Мойындадым, сен мендік бола алмайсың,
Аспанымда жұлдыз боп жана алмайсың.
Жағасы құз, шыға алмас аралдайсың
Жылы жақтан құс болып оралмайсың.
Жігіт болып бой түзеп қызғанда арың,
Қатал тағдыр жанымның үзді арманын.
Терезеңнің түбінде таптап тұрмын
Махаббаттың алғашқы қызғалдағын.
Маған бақыт кездесер той алдымда,
Талай күліп батармын талай мұңға.
Сені еске түсіретін боламын мен,
Ғашығымның жүзіне қараймын да.
Кешпегендер басынан сезбес бірдей
Жүресің сен жырда да, сөзде ескірмей.
Кеудемдегі бейнеңнен айнымайтын,
Бір бақытты мына өмір кездестіргей.
3
Іздейміз деп ойламай айып емін,
Жүруші едік қызықтап май іреңін.
Мен мектепте оқитын бозбала едім,
Сен біреудің некелі зайыбы едің.
Көктем лебі самалға ұласқанда,
Бізге қарап күлетін күн аспанда.
Әлі күнге білмеймін не ойладың,
Махаббат боп сыйластық бүр ашқанда.
Құсым болып көгімде қалықтап ән,
Бастан кештім сезімді жан ұқпаған.
Ұстаушы едің алыс та, жақын да емес,
Ұзын арқан, кең тұсау салып маған.
Тиіп кетсем ұқсайтын тас көмірге,
Балғын денең, от тастап жас көңілге.
Бірақ, бірақ бұл дәурен шарт үзілген,
Сендер көшіп кеткенде басқа өңірге.
Жұлдызды аспан жамылып қалғанда әлем,
Бір сүйсем деп ерніңнен армандап ем.
Бірақ, бірақ сен өзің сүйдіргенсің,
Жылап тұрып шығарып салғанда мен.
Қазір, жаным, өзгертпей мәнерімді,
Жыр құраймын сені ойлап сан өрімді.
Сенсең егер мен әлі сүйе алмаппын,
Сенің ернің секілді бал ерінді.
4
Есенинге еліктеу емес мұным,
Өтіп кеткен махаббат елес бүгін.
Сол келіншек десе егер, көңіл еріп,
Әлі күнге шығады көмескі үнім.
Құшақ ашып жан емес сый істеген,
Ернімізге ерніміз тиіспеген.
Әйтсе де ол – мен үшін ғұмыр қайғы,
Ұмытуға сондықтан тиісті емен.
Күтіп жүрмін жарқ етер үмітті алдан,
Жан дүниемді бүгін де жылытты арман.
Оның жарқын бейнесі көкрегіме
Тұнбасы боп алтынның тұнып қалған.
5
Аңсай күтіп жүрегің әлденені,
Есіңе сен алдың ба таңда мені.
Халың қалай, аяулым, ұлың қалай,
Ат ұстары кішкентай бар деп еді.
Жылдар жылжып тозаңын сепсе-дағы,
Қиял құрғыр сен жаққа көп шабады.
Сол баяғы жыр жазып жүріп жатқан
Өзгергенім болмаса тек шамалы.
Дерегіңді іздедім көрмек үшін,
Бірақ ешкім қолының бермеді ұшын.
Қол босаса тербейді жанды қинап,
“Бір келіншек” деген ән бөлмем ішін.
Әлі сенен сұрайды бақтар менен,
Сол бақтарға сырымды ақтарды өлең.
Есіңде ме ұл болса тұңғышыма
Есіміңді қоям деп аттанған ең.
Өзің жүрген іздеймін жолдан елес,
Жүргенімде гүл бейнең солмақ емес.
Сен қоясың ұлыңа есімімді,
Оған менің күмәнім болмақ емес.
Қырсық шалған тағдырым кінәлі де,
Сыйғызам ба бейнеңді мың әніме.
Содан бері біраз жыл өтсе-дағы
Тамағымда түйнек боп тұрады не....
Ажыратпас алды-артын бозбала едім,
Қиядағы айға қол созған едім.
Айдыныма қонбаған аққу едің,
Жүрегімді муза боп қозға менің.
Ұмытасың дегенің шының ба еді,
Жатса да өтіп үздіксіз күн ілгері.
Саған талай сыр шерткен сол домбыра,
Жылдар бойы атыңды күбірледі.
Жапырағы солмастан сезім-гүлдің,
Менен бұрын сан тойға өзің кірдің.
Махаббатты сен маған сезіндірдің,
Өзіңді ойлап жазумен көзімді ілдім.
Солай, жаным, сен болсаң басқа жанның,
Құшағында жастықты жасқа малдың.
Сен ауылдан аттанған күннен бастап,
Мен өзіне айналғам тас қамалдың.
Бірақ уақыт ерітті мұз көңілді,
Көктем келіп жүрекке, күз берілді.
Жылдар бойы аңсатып кенет бір күн,
Тура өзіңнің бейнеңдей қыз көрінді.
Сезім селі бұлқынып арнасында,
Өзің екен деп қалдым алғашында.
Жүрегімді ұсындым сол аруға,
Мені тағдыр мәңгілік қарғасын ба.
6
О, сағыныш,
Аңсай күтіп армандай жан құшағын,
Азабыңнан өзіңнің қан құсамын.
Көлбеңдейді көзімнен тағы сағым,
Басталады артынан әр мысалым
Тездеп өтіп, уақыт, жолықтыршы,
Тек өзіңе арналсын алғыс, әнім.
Жүрген кезде жаныңды түсінбеппін,
Жырмен ғана жанарын мүсіндеппін.
Ән бейнесін іздеген енді бүгін,
Аласұрған жанымды түсінбек кім.
О, Махаббат мәңгі өшпес негізі бар,
Аяулым-ай, демі өрт, лебізі бал.
Құшағымыз айқасқан екеуміздей
Қоспас сірә өмір де егізін әр.
Шат-шадыман күй кешкен күндер өтті,
Алдағы сын біздерге үндемепті.
Айрылысар күндер де туады екен,
Енді кешер ойларым мұң демекті,
Күндер сайын береді кім деректі.
Сұлу күлкің жанымды емдер еді,
Жансыз бейнең тек қана дем береді.
Бірақ, бірақ апта емес, айлар өтіп
Өзіңді іздеп жүрегім сенделеді.
Сен екенсің жаныма ең керегі.
Алыстасың, сондықтан жоқ амалым,
Қайда жүрсің, желбіреп орамалың.
Сағынышқа күн сайын тоналамын,
Аңға шықсам олжасыз ораламын.
Шырқап жүр ғой әндерді көңіл үзік,
Сол жігіт жүр оңды ісін өңі бұзып.
Жолығармыз, аяулым, сағыныштан,
Мендік жүрек алмаса демін үзіп.