15.08.2022
116
ӨЛЕҢ – ЖЫРДЫҢ МЕН ДЕ БІР АЛАМАНЫ
Ықылымнан сөз емген халық едік,
Қызыл тілді сан шоққа қарып едік.
Шүкір ертегі, аңызым әлі тірі,
Құйысқаны өлеңнің әлі берік.
Жібек жалын жел келіп тарағалы,
Бәйге құнан бауырынан жарағалы.
Қорғап шыққан намысын ту көтеріп,
Өлең-жырдың мен де бір аламаны.
Сабыламын мұз шайнап, тасқа түнеп,
Тілегім жоқ бір жырдан басқа тілек.
Түсірмеген бәйгеге балаң көріп,
Шұрқырайды шыдамай қасқа түлек.
Мен мұсылман баласы тұлымым бар
Мүлт кетсем далам бар құлынымдар.
Ей, достарым, тоңсаңдар құнанымның
Бұрқыраған буына жылыныңдар.
Інім саған айтамын, аға, саған,
Құр қалдыра көрмеңдер тамашадан.
Тасырқаса құнаным жолда қалып,
Тас қораға әкеліп жаба салам.