15.08.2022
  156


Автор: Бауыржан Үсенов

СЕН ТІРІСІҢ, АҒА!

Сен, аға, өлген жоқсың!
Сен тірісің!
Сезесің сергектікпен ел тынысын.
Қолдайсың, бақылайсың.
Кәдімгідей,
Сана мен саясаттың
серпілісін.
Ұрпағың ту көтерді,
Атқа мініп,
Шешілді ақтаңдақтар
ақтарылып,
Сен тірісің!
Отырсың жауап беріп,
Өзіңе кеп жататын
хатқа ағылып.
Қақты сені арқадан
ғасыр күліп,
Сен тірісің
Кітабың – абыл мүлік.
Ажал саған әмірін
жүргізе алмай,
Безіп кетті зар
илеп, шашын жұлып.
Арыңа кір,
Салса да денеңе дақ
Жан біткенді
Көрмедің сен алалап.
Алматыда жүрсің сен
тіп-тік басып.
Жуалыда жүрсің
сен ел аралап.
Теңеулердің не түрін қолданғалы,
Сен туралы қанша ақын толғанбады.
Самал соқса сені еске алады екен,
Сыбдыр қағып Москва ормандары.
Сенің даңқың құс сынды самғап өрлер,
Саған қарап ұландар арман өрген.
Жеңіс күні сен үшін тост алады,
Қоластыңда соғысқан ардагерлер.
Аналар да мұрат қып барша мұңын,
Сендей болсын деп туар аңсап ұлын.
Дүбіріңе елеңдеп шапқылайды,
Бауыржан бап қазақта қанша құлын,
Сен, аға, өлген жоқсың,
Сен тірісің!
Сезесің сергектікпен ел тынысын
Қолдайсың, бақылайсың, кәдімгідей,
Сана менен саясаттың серпілісін.





Пікір жазу