ҚАРТТЫҢ ӘҢГІМЕСІ
Аман қалған соғыстан да, дерттен де,
Шамаменен жасы 84-терде.
Төбе құйқаң шымырлайды, біздің қарт
Аштық жайлы әңгімесін шерткенде.
“Еске түссе жүректі аяз қариды-ақ,
Шошқа жедік, жайына қап шариғат.
Тәубесін тез ұмытатын құлына,
Көмек берді кең пейілді табиғат.
Азық болды қорсылдаған мақұлық ,
Атып алып, қуырып жедік қатырып.
Алып қалдық аштан өле жаздаған,
Сәлде ораған молдаға да татырып.
Ол кезеңнің көп болды ғой әттеңі,
Азық болды кеуіп қалған қап, тері.
Қошқарата қорасынан атылған
Қабан еті қазыңыздан тәтті еді.
Біреу қырда, енді біреу сайда өлді,
Ел аспаннан қаны тамған ай көрді.
Осы өлкеде, сенсең егер, қарағым
Қабан түгіл адам жеген жай болды.
Ұн жасадық ұлы өсімдік алғыдан,
Быламық қып аш өзекке қалғыған.
Шынашақтай шабақ қуып, тұншықтық,
Долы судан тастан-тасқа қарғыған.
Рауғаш, желкек, жауқазынның түбірін,
Тастақ жердің тарысы мен жұмырын.
Байқап қалсақ, сілекейіміз шұбырып,
Балпақтарды қазып алдық, құлыным.
Көз ала алмай тас қайнатқан қазаннан,
Қайран күндер, қатып-семіп сазарған.
Сары долана, таупияз бен қазықұйрық,
Бұл атаңды алып қалған ажалдан.
Өлген өлді,
Өлмегені тірлік қып,
Қанша уақыт ес жия алмай бұрлықтық,
Бүгін, міне, орталарыңда отырмын,
Бейбіт күн мен тоқ заманға құлдық қып... ”
Сақалынан сорғалаған жасына
Көз түскенде, жұбатамыз асыға...
О, Жаратқан!
Ондай сұмдық кезді енді,
Бере көрме адамзаттың басына!