КӨБЕЛЕК
Күйін кешіп отқұмар көбелектің,
Күйіп қап ем, ем жасап көмек еттің.
Ұшырып ең бүтіндеп қанатымды,
Қалқашым-ау, өзіңнен неге кеттім?
Серік қылып шыңғырған арда мұңды,
Сенделемін тістеумен бармағымды.
Қараңғыда жүрмін ғой күйім кетіп,
Жан таба алмай айтуға арманымды.
Желіктіріп жүрсе де қиял, әнім,
Бұрынғыдай кезбеймін би алаңын.
“Гүлден гүлге қонғаның ұнамайды”,
Сол сөзіңді есіме жиі аламын.
Неге құлақ аспадым кеңесіңе,
Деймін-дағы табынам елесіңе.
Жарығыңа басқа бір көбелектер,
Ұрынғанда алдың ба мені есіңе.
Бір гүл тартпай тұратын шырын бөліп,
Жырым да оңып барады түрім де оңып.
Қанат емес, дәл қазір жаным күйік,
Емдеп жазшы өтейін құлың болып.
Сыйламаппын гүл саған арнап тұрып,
Серілікпен тұсаған жан бақтырып.
Орнады ма кеш келіп салмақтылық,
Мені бүгін гүл де емес, жарық та емес,
Жанар отың тартуда қаңбақ қылып.