15.08.2022
  96


Автор: Бауыржан Үсенов

ШИРЕК ҒҰМЫР

Шаппасам да жауыма желікпенен,
Мақсатымның жолында өліп берем.
Толқынында өмірдің арпалысып,
Таланымның жазғанын көріп келем.
Кідірмек пе ой артқан кіре-көшім,
Тағдырыммен бар әлі мың егесім.
Тауда жалғыз қасқырмен бетпе-бет кеп,
Ажалдың да көргенмін тірі елесін.
Оймен кезем жер менен ай арасын,
Бұлтсыз аспан әнімді аяласын.
Жиырма бесте қайтқанда туған ағам,
Өлімнің де түсіндім аямасын.
Кемшін көріп тайған жоқ бастан бағым,
Дей алмаймын қыранша аспандадым.
Қол соққанда ел алғашқы өлеңіме,
Шарабына шаттықтың мас болғанмын.
Тарихымды, о, өлең, жаза бер сен,
Қашан мынау кеудемнен тазарар сең,
Бір өкініш, бір үміт арасында,
Өткен жайлар көп екен қаза берсем.
Көрдім біраз ой-санам қалды байып,
Кәне, қандай тартасың алдыма айып.
Өмірінің ширегін жайып салып
Бозбала отыр алдыңда сәл мұңайып.





Пікір жазу