15.08.2022
  135


Автор: Бауыржан Үсенов

ТҮН

Мақпал түн күлімдейді,
Сиқыр ғой анық, көкем.
Жұлдыздар дірілдейді,
Дегендей тамып кетем.
Ай бұлтпен аймаласып,
Күледі үркер-үміт.
Бұлақтар сайға қашып,
Өзендер жүр шомылып.
Ақ қайың сыбдырлайды,
Жалаңаш омыраулы.
Алыста шылдырлайды,
Құлынның қоңырауы.
Дүние тынып қалған
Түн менің мықты ақыным.
Шеткі үйден жігіт барған,
Бойжеткен шықты ақырын.
Түндерде қашаннан да,
Махаббат сөз алады.
Айраннан жасалған ба,
Құс жолы бозарады.
Шолпанның соңын ала
Таң да енді ере келер.
Табиғат – Тәңір, Алла,
Түніме береке бер.





Пікір жазу