15.08.2022
  92


Автор: Бауыржан Үсенов

БӨЛТІРІГІМ ҚАЙДАСЫҢ?

Қойтас үнсіз мүк басқан құс денелі
Тасқа біткен кәрі арша тістенеді
Бұрылыстан жалғыз көз үңгір шықты,
Күшік үрей кеудемді тістеледі.
Бөрлісайдың бұтасы аяқтан ап,
Не іздеп жүрсің? – дегендей –
Саяқ қарақ?
“Арландардың апанын іздеп келдім,
Деймін оған, –
Жүргем жоқ таяқ қарап”.
Қалыңын-ай мына бір долананың,
Қоршар ма еді кесіп ап қора маңын,
Достарыммен бәстесіп кеткен едім,
Бөлтірікпен қалайда ораламын.
“Осы маңда” , – дейтұғын Қасым атам
Көрмеген жер,
Болып тұр тасы да таң,
Қай қалыңда
Астында қай жартастың
Сүйек-саяқ шашылған,
Сасық апан.
Күшік үрей кеудемде қыңсылайды
Өн бойымды тікендер шымшылайды.
Ит келмейтін жер екен,
Мұндай жерге,
Қасқырлардан басқа енді кім шыдайды.
Іздедім мен.
Не жылымды тіліп өтіп,
Дал-дұл болды қонышты құрым етік.
Тасқа біткен аршынға қайтіп келдім
“Таба алмайсың ”, – деді ол күбір етіп.
Не іздеп жүрсің қызығы кеткен түзде
Ойнамайды бөлтірік көптен бізде.
Бөрлі сайдың ең соңғы бөрісінің
Қурап қалған сүйегі өткен күзде.
Сенсең осы,
Сенбесең Құдайға бар.
Сен де кеткен, бұлағым ылайланар.
О, Құдірет, бөрілер ада бопты –
Малды ауылды ұйықтатпай шыр айналар!
Мен үнсізбін,
Арша да сөйлемейді,
Әлденені қу бұтақ бейнелейді.
Атып,
Улап,
Қақпан сап қырып салдық,
Есесіне мыңғырып, қой көбейді.
Әрі дәмді қой еті,
Әрі майлы,
Қой күзетіп шопандар арымайды,
Біздің тауда қасқырлар ұлымайды
Біздің тауда қошқарлар маңырайды.





Пікір жазу