15.08.2022
  153


Автор: Бауыржан Үсенов

ПОЭЗИЯҒА НАЗ

Өлең, өлең өксітіп жастығымды,
Жасап келе жатырсың қастығыңды.
Сені жазып қаламға қарысады,
Буындырар қолдарым қасқырыңды.
Жүгің ауыр балаңдау тұйғын үшін,
Өршеленген өртіңнен күйді ұлысым.
Кіріп алған санама сайтан құсап,
Әңкі-тәңкі қыласың мидың ішін.
Түк жазылмай сызылды парақ қанша,
Ертең арыз айтасың ар ақталса.
Періштесін ұйқының бөлме ішінде,
Тырқыратап қуасың таң атқанша.
Бір өзіңді төтенше өкіл көріп,
Өміріңе барады етім де өліп.
Отырғаным ертесін қалғып-мүлгіп,
Басы ауырған киеван секілденіп.
Тойға барып қалайша тасиды әнім,
Табамын деп бояуын қасиданың.
Кеше кешке әзер деп аман қалдым,
Түсе жаздап астына машинаның.
Соғайын деп ойласам нұсқа күйме,
Шолтаң ете қаласың қысқа күйде.
Қызға барар кей кезде жымың етіп,
Сәтті ұйқаспен алдайсың ұстап үйде.
Есі кетіп есімін көп атаған,
Сірә, сендей әлемде жоқ атаман.
Атандырдың ауылда кісі киік,
Алматыда қияли боп аталам.
Аң-құсы жоқ алып тау аңшыға тар,
Басым асау, тәнім жас қамшы батар.
Қойторы боп кетем ғой қажытпашы,
Жазығым не соншалық сансыратар.
Жазсам-дағы жүргем жоқ жүлде байлап,
Жете алмаймын түбіне күнде бойлап.
Барлық досым футболға кетті бүгін,
Мен отырмын өзіңмен футбол ойнап.
Жалықтырды тегі бір сарынды мұң,
Ақтарылды наз болып барым бүгін.
Аптасына бір рет соққанымда,
Алғабай деп күледі қалыңдығым.
Мазалайсың, вальске билегенде,
Мазалайсың, еркелеп, сүй дегенде.
Келіншек те керек қой ертең маған,
Әлде сенің өзіңе үйленем бе.
Қалай, қайтіп, құтылам, қайда қашам,
Жібермейді сен үрген айнала шаң.
Өлтірсеңші, немесе өсірсеңші,
Дейтін едім еліме пайдаға асам.
Көлеңкеңмен қорғайтын бол еңселім,
Тереңіңнің әйтпесе бер өлшемін.
Азабыңнан жауырым болды ошақтай,
Рахатыңды қай кезде көрсем сенің...





Пікір жазу