15.08.2022
  128


Автор: Бауыржан Үсенов

ЖАҢБЫРДАН СОҢ

Келіншектей кермиық күн күледі,
Күлген күнді бұлт келіп бүлдіреді.
Жаңбыр менен сәуленің перзенті боп,
Кемпірқосақ қияда үлбіреді.
Жаңбыр жауса желкілдеп көк өседі,
Өскен көкке егіндік теңеседі.
Егіндікте жап-жасыл бет түзеді,
Өңкілдеген ауылдың көп өсегі.
Көп өсекті қуалап шал ақырын,
Иесін қосып сыбайды қабатынан.
Шақылдаған суырды ілемін деп,
Жерді соқты байқамай бала қыран.
Бұлғақтаған бойжеткен суға барды,
Қызды көріп ақ балық тулап алды.
Қызды көріп кенеттен тына қалды,
Бақа біткен айып қып шулағанды.
Ақбоз атты жас жігіт келді кенет,
“Сәулем-ай” –ды ысқырып, желді демеп.
Тобық сұрап күледі, тобық деген –
Берген сертті тергейтін – белгі демек.
Балықкөз шық шалғында жылтылдайды,
Шіркей қағып ақ балық бұлтылдайды.
Аймаласқан ғашықтың тәтті сырын,
Жар астында бұқпалап кім тыңдайды.
Дал-дұл қылып жел бұлтты айдап кетті,
Жер жарықтық бусанып жайлап кепті.
Қыз еркелеп су шашты жігітіне,
Қайнар көзі шымырлап қайнап кетті.
Ауа таза, жер таза, таза бәрі,
Әнге басты қой баққан қазақ, әне.
Жаңбырдан соң тазарған дүниені
Қандай ақын білмеймін жаза алады.
Мен суреттеп ширегін бере алмадым,
Айтып жатыр қайыңға жел арманын.
Құштарымды сағынып кеттім кенет,
Қайың жаққа мені іздеп кел, ардағым.





Пікір жазу