Жегi құрттар
Десемде: ендi кiмнен жасқана алам
Көзiмдi мөлтең-мөлтең жас қамаған...
Аузын ашып тұрған арандай ғып
Мен кеше құтылып ем аждаhадан.
Қарамай өткен күннiң бәлесiне
Арманның шығып едiм белесiне.
...Жалмаңдап
Қаптап өрiп жегi құрттар
Елiмнiң түстi келiп денесiне.
Ойлаумен күнделiктi ағымымды
Елемей кетсем керек тағылымды.
Сырттан кеп,
Iштен шыққан сол бiр құрттар
Қиюда талшығым мен тамырымды.
Бұған жұрт күйедi ме, күймейдi ме?
Жауап бер,
Жүйелi де,
Киелi де,
Елiмнiң қанын сорып, –
Сол құрттарың! –
Барады үңгiп кiрiп сүйегiме.
Жайлауын жақсылықтың жайлаған ем.
Ертеңге үмiтiмдi байлаған ем...
Қаптаған Жегi Құрттар
Сөйлеп тұрған
Тiлiмдi қырықпақшы айла, амалмен.
Мұны жұрт, –
Құдайым-ай! –
Сезедi ме?!
Сезсе егер шынымен-ақ төзедi ме?!
Сол құрттар бiлдiрместен қырқып, үзiп
Түспекшi ендi келiп өзегiме.
Түссе егер онда менi өледi де.