15.08.2022
  91


Автор: Темірхан Медетбек

Iрiткi

Жаза алмаймын ешқашан бүлiктi жыр.
Жаза алмаймын ешқашан қылықты жыр...
Жамбасына алам деп жаулар менен
Iштен шалып күн-түнi iрiткi жүр.
Iрiткi жүр, құдай-ау, қандасым бұл!
(Жүрегiме қадалған қорғасын бұл!)
Ылаңынан сол иттiң
Кейбiр жандар
Жағаласып, алысып, жауласып жүр.
Жүрер кезде тұтасып, табысып-ай,
Неге жатыр сол жандар алысып-ай?!
Сөз сөйлеймiз сөз бермей жарысып-ай!
Бейтаныс боп барады танысым-ай...
...Адам менен адамның алысын-ай.
Соны қоштап ерiп жүр түсiнбеген...
(Дәрменсiзбiн осынша күшiмменен).
Байқа! Байқа!
Ол саған – байқамасың! –
Суыртады шегенi тiсiңменен.
Өмiр сүрдiк ғұмыры зар, қайғымен...
Жинап алу керек ғой шалғайын ел!
Сол бiр сұмнан сақ бол сен!
Сақ болмасаң
Қаққызады шегенi маңдайыңмен!





Пікір жазу